Медицинские доклады, лекции,
темы, научные статьи и др...
» ҚАЛЫҢ ЕЛДІ ЖАЛМАҒАН ІНДЕТ ҮШІН ЕМЕС . . .

ҚАЛЫҢ ЕЛДІ ЖАЛМАҒАН ІНДЕТ ҮШІН ЕМЕС . . .

8-11-2020, 19:20
285
0
Құрметті оқырман! Еліміздегі денсаулық саласын цифрландыру бағдарламасына бөлінген 526 миллион теңгені жөнсіз жұмсады деп айыптап, қоғамнан оқшаулаған эксминистр Біртанов үй қамаққа ауыстырылыпты. Оқшаулаудың жеңіл түріне ауыстырылуына Э. Әлиева деген дәрігердің еліміздегі осы саланың «қаймақтарына» жазған үндеу хаты себеп болған көрінеді. Үндеу хатты оқыдық, эксминистрдің бұрын-соңды қазақстан тарихында болмаған «МИНИСТР» екенін есітіп, таңдайымызды қағып таң қалдық!
Бұрын-соңды қазақстан тарихында болмаған министр деп, көзі қарақ, ар ұятты өзіне серік етіп, құдайына қараған осы саланың кез-келген маманы ТӨРЕГЕЛДІ ШАРМАНОВ деп айтар еді. Қала берді, екі рет министр болған Досқалиевті айтар едім, оның өзі де бар абройын аяғына дейін ұстап тұра алмады ....
Ал Біртановқа жол болсын, не істеп, не бітірді, не бүлдірді?
1.Есі бар елдің барлығы індетке байланысты үйінде қамалып отырған кезде, денсаулық туралы жазылған Кодексті парламенттен ебін тауып өткізіп алды. «Халыққа қарсы жазылған Кодекс» деген қалың елден атақ алды. Осы кезге дейін ізіне ерген дау-дамай басылар емес, қарапайым халық көтеріліп көшеге шығып кетті.
2.Екі жыл бұрын елімізге Мемлекеттік сақтандыру қорын кіргізді, бұл да оның «іскерлігі» деп көрсетілген. Ал оның соңы неге әкелгенін әңгімелеу артық болар. Сол кезде де оның осындай бастамасына қалың ел қарсы болған, солардың бірі белгілі маман Р. Ошақбаев та, бұл қадамның өте қауіпті екенін, бұл жерде де жемқорлық фактілерінің молынан бар екенін ескерткен-ді. Екі жыл бойы маңдайлары терлеп, табандары тілініп жүріп тапқан болмашы еңбек ақыларынан қорға салған ақшаларын, індет кезінде ешкім іздеп таба алмады. Әркім індеттен өз қалтасынан емделді, ақша таппағандары мен жетпегендерінің көбісі ажал құшты. 
3.Ел Президентінің Жарлығымен елімізде Төтенше жағдай орнап, індет алдында дайындық жұмыстарын жүргізу үшін мүмкіндік берілді, ал эксминистр болса алдын ала дайындалудың орнына, «біз індетке толық дайынбыз» деп халықты алдаудан еш қымсынбады.
4.Президент Қ.К. Тоқаевтың COVID-19 коронавирус инфекциясына қарсы күрестің алдыңғы шебінде жүрген медицина қызметкерлері аталған індетті жұқтырып алған немесе сол аурудан қайтыс болған жағдайда, оларға біржолғы әлеуметтік төлем төлеу туралы Жарлығы шықты. Жарлықтағы көрсетілген  міндеттемелерді орындау үшін, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 9 сәуірдегі №129 және ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 9 сәуірдегі шығарған «Денсаулық сақтау ұйымдарының COVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы күрес жөніндегі эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлері аталған инфекцияны жұқтырған немесе одан қайтыс болған жағдайда оларға біржолғы әлеуметтік төлемді жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» №ҚР ДСМ-35/2020 бірлескен бұйрығы жарық көрді.
Осы бұйрықта, медицина қызметкерлерінің аталған індетпен ауырған немесе сол аурудан қайтыс болу фактілерін кәсіби аурулар санатына кіргізбей отырып, өзіне үлкен сенім артқан Президентті де ыңғайсыз жағдайға қалдырды. ҚР Еңбек кодексінен қос министр қосылып жазған бұйрық биік тұрды!
Оның бержағында, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2020 жылғы 19 наурыздағы уақытша  нұсқаулары жарияланған-ды. Онда былай деп келтірілген: Егер жұмыс орнында COVID-19 инфекциясын жұқтырған болса, өтемақы, қалпына келтіру және медициналық қызмет көрсету құқығын құрметтеңіз. Бұл кәсіби инфекцияны жұқтырған болып есептеледі, ал соның салдарынан өрбіген ауру кәсіптік ауру деп саналады.
Сонда қалай, ДДСҰ-ның мамандарымен күнара кеңесіп отыратын эксминистр Біртанов осы жайдан хабарсыз болғаны ма, әлде басқа ойлағаны болды ма?
5.Орынтаққа отыра салып, баяғы бір заманда өзінің жіберген кемшілігі үшін аз-маз айыппұл салып кеткен санитарно-эпидемиологиялық қызмет мамандарынан өш алуды өзінің алдына мақсат етіп қойды. Сөйтті де, 60-70 жыл бойы халыққа қалтқысыз қызмет жасап келген түгелдей бір саланы құрдымға жіберді. Тіпті, мамандар дайындайтын факультеттерді де «келмеске» жіберді. Осылардың барлығы кешегі пандемия кезінде эксминистрдің алдынан шықты.
Осындай кезде, майданның белортасында жүретін кәсіби патология қызметін де, өзі осы індеттің келетінін білгендей, екі жыл бұрын қысқартып жіберген-ді.  Індетті дәрігерлер жұмыс барысында, өздерінің қызметтерін атқару барысында жұқтырды ма, әлде себеп бар ма, соның анық-қанығын сараптау (экспертиза) міндеті құзырына кіретін дәрігер профпатологтардың шаруасын жергілікті жердегі әкімшіліктердің мойнына жүктеді. Денсаулық саласымен он қайнасы сорпасы қосылмайтын саланың адамдары не бітірмек сонда? Міне, осыған дейін үстем ақы, өтем ақы төлеуге байланысты дау-дамай әлі толастар емес. Кәні сонда,  бұрын-соңды қазақстан тарихында болмаған министрдің мылтықсыз майданнан қайтқан әріптестеріне деген жаны ашитындығы?
6.Келе салып, еліміздегі барлық ғылыми орталықтарды, үлкен емдеу орындарын біріне бірін қосып сапырылыстырғанын қалай түсінуге болады? Кейбір дәрігерлік мамандықтар да қысқартылып үлгірді, нешетүрлі электрондық бағдарламаларды тықпалап, қарапайым дәрігерлердің күнделікті жұмысын қиындатып жіберді. Осыларды қиынсынған дәрігерлер, әсіресе індеттің алғашқы толқынына әзер шыдаған дәрігерлердің көбісі, осы саламен біржолата қоштасты. Бұрын-соңды қазақстан тарихында болмаған министрдің айтылмаған әңгімелері бұдан да көп! 
Сөзімді түйіндей келе айтайын дегенім, эксминистр Біртановты коронавирустың алғашқы толқынында жіберілген кемшіліктері үшін емес, қолды болып талан-таражға түскен 526 миллион теңгенің жоғалуына қатысы бар деген күдікпен ұсталғанын еске салғым келеді, оқырмандарыма.
Ал адам шығынымен аяқталған індеттің алғашқы толқынында жіберілген қылмыстық істер үшін адам баласы жазаланған жоқ және жазаланбайды да, менімше.
Читайте также
Добавить
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив