Медицинские доклады, лекции,
темы, научные статьи и др...
» » ПАНДЕМИЯ: ЗАҢНАМАЛАРДАҒЫ ОЛҚЫЛЫҚТАР ЖОЙЫЛМАЙ, ІСІМІЗ АЛҒА ЖҮРМЕЙДІ

ПАНДЕМИЯ: ЗАҢНАМАЛАРДАҒЫ ОЛҚЫЛЫҚТАР ЖОЙЫЛМАЙ, ІСІМІЗ АЛҒА ЖҮРМЕЙДІ

24-05-2021, 23:12
2 584
0
Ж. Тілеубергенов,
медицина ғылымдарының кандидаты,
ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі.
Тәуелсіз сарапшы, заңгер
Нұр - Сұлтан қаласы.

Қ. А. Асқаров
медицина ғылымдарының кандидаты, доцент
ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі.
Тәуелсіз сарапшы
Нұр - Сұлтан қаласы.
Құрметті оқырман! Құрметті ғылыми-тәжірибелік конференцияның  қонақтары!
Бір жарым жыл бойы, бір сәт те дамыл таппай, енді ғана тәуелсіздікке қолы жеткен халқымызды қоғадай жапырып, қынадай қырып келе жатқан алапат індеттен әлі күнге дейін ес жия алмай келеміз. Осы уақыт ішінде, бейқам жатқан бейбіт еліміздегі адамдар саны сиреп, қаншауы коронавирус жұқпасымен ауырып, қаншасы мезгілсіз келген ажалдың қармағына ілінгенін, ешкім тап басып айта алмайды. Пандемия кезінде қойма толы дәрі дәрмектердің өзін дәріханаларға, емдеу мекемелеріне уақытылы жеткізе алмай дәрменсіздік көрсетіп, шет елдерден гуманитарлық көмек ретінде жеткізілген бет перделер мен қорғаныс құралдарын, дәрілерді халыққа сатып баюды мақсат еткен еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі (әрі қарай ДСМ-і), әлгіндей статистикалық мәліметтердің барлығын өздеріне тиімді мөлшерге дейін төмендетіп көрсетуден, осы уақытқа дейін арыла алмай келеді. Бұл жағдайлардың барлығымен көздері ашық, көңілі ояу, күнделікті шар тараптан хабар алып отырған оқырман қауым жете таныс деп ойлаймыз. 
Сөзіміз дәлелді болу үшін, белгілі қоғам белсендісі және ғалым-дәрігер Қ.И. Көнеевтің ой – тұжырымдарын келтіре кеткенді жөн санадық. Ол былай дейді: «Еліміздің ДСМ-і пандемия кезінде марқұм болған адамдардың санын біресе 4500, біресе 6000-ға көтеріп, елді дүрліктіріп отыр. Осыған орай, Американдық көрсеткіштер және денсаулықты бағалау Институты, коронавирус пандемиясы басталғалы Қазақстандағы өлген адамдардың саны 81 696 адамға  жетті деген деректердің ұшын шығарды. Ал, 2020 жылы елімізде әлеуметтік зерттеулер жүргізген Sange қорының мәліметіне сенетін болсақ, еліміздегі тұрғындардың 3 миллионы осы індетпен ауырған, оның 3 пайызы, яғни 90 000 - ы көз жұмған деген қорытынды жасалған.
Өзімізбен кіндігі бірге байланған Ресей еліндегі коронавируспен ауырған 4 940 245 науқастың 2,4 пайызы, яғни 115871 – і өлген болса, сол санның жобасымен жобалайтын болсақ, біздің елдегі ресми жарияланған 466 368 науқастың 4,2 пайызы, яғни 11193 адам ажал құшқан болып шығады. Бұл сан шындыққа бір табан болса да жақындау деп, есептейді ғалым дәрігер Қ.И. Көнеев.
Шындығында, бүгінгі таңда індетпен ауырғандардың да, сол індеттен ажалға ұшырағандардың санын да ДСМ-інің өздері тап басып айта алмайды. Күні кеше ғана (18.05.2021 ж.) Үкімет отырысында шығып сөйлеген министр А. Цой: «Бүгінгі таңда, адам денсаулығына аса қауіпті індеттен 4958 адам қайтыс болды»-деп мәлімдегенімен, бұған дейін баспасөз беттерінде басқа цифрларды көрсеткен-ді (6575 адам).
Ал енді, бүгінгі  ғылыми-тәжірибелік конференцияның тақырыбына арқау болып отырған, пандемия кезіндегі медицина қызметкерлерінің денсаулықтарымен байланысты мәселелерді қозғамас бұрын, әңгімемізді әдеттегідей коронавирус індетін ауыздықтау үшін қанша медицина қызметкерлері жұмылдырылды, олардың қаншасы өздерінің кәсіби міндеттерін орындау барысында науқастанып қалды және науқастанғандардың қаншасы өлім-жітімге ұшыраған деген сұрақтардан бастасақ. Тағы да сол, бұл жерде де, қандай да бір есі түзу адам сенетіндей нақты мәліметтерді таппайсыз, барлығы - елдегі ДСМ-інің тірлігі қандай болса, олардың өздерінің ауыздарымен тараталған статистикалық мәліметтер де дәл сондай деген жауап аласыз. Дегенмен, баспасөз беттерінде жарияланған мәліметтердің бірнешеуін келтіре кетейік.
Өткен жылдың қазан айының 1-ші жұлдызында жарияланған Қаз ТАГ-тың берген мәліметінде төмендегі цифрлар келтірілген:
«Бүгінгі таңда, ковидпен ауырған медицина қызметкерлерінің саны 12 830 адамды құрады,  олардың 8339-ның науқасы өздері атқаратын кәсіби қызметтерімен байланысты, деп табылып аумақтық комиссияның талқысына жіберілген. Бар - жоғы  тексерілген 8320 медқызметкерлердің 67 пайызындағыларының (5597 адам) ғана науқасы, кәсіби қызметтерімен байланысты деп танылған». Не болғанда, медқызметкерлерге байланысты әлгіндей ақпараттардың қайсыбірін алмаңыз, ешқандай логикаға сыймайтыны, басы ашылған шындық! 
Өткенімізге көз салсақ, қалың елге қашаннан қолдарынан келген медициналық көмектерін көрсетіп келе жатқан медқызметкерлерінің денсаулығына байланысты мәселелер, өткен ғасырдың 20-жылдарында-ақ ғалымдардың назарын аудара бастаған. Осы мәселені ғылыми тұрғыдан зерттеу жұмыстары бұрынғы кеңес одағында, 1922 жылғы Үкімет қаулысына сәйкес, «Медсантруд» салалық кәсіподақ ұйымында,  медқызметкерлердің еңбек орындарындағы адам денсаулығына зиянды факторларды зерттейтін ғылыми-кеңес беру бюросын ашумен басталады.  Демек, бүгінгі медқызметкерлердің денсаулықтарына байланысты мәселелерді қамтыған конференцияның, салалық кәсіподақ ұйымдарының қолдауымен ұйымдастырылып жатуын, көңіл қуантарлық жағдай деп қабылдауға әбден болады.
Міне, сол кездің өзінде-ақ, медқызметкерлердің денсаулықтары емдеу мекемелеріндегі әртүрлі зиянды факторлардың әсер етулерімен тығыз байланысты екендіктері анықталды. Мысалы, С.М. Богословский (1925 ж.) туберкулезге қарсы күресетін медицина мекемелеріндегі еңбек ететін медқызметкерлердің арасындағы туберкулезбен ауыратындардың саны, басқа емдеу мекемелеріне қарағанда 5-10 есе көп екендігін анықтады.
Осыдан кейін көп ұзамай кәсіби аурулардың халықаралық тізбесі пайда болды (1925 ж.). Тізбе бар-жоғы 3 ауруды ғана біріктірді: сібір жарасы (күйдіргі), кәсіби трахома және қорғасын қосындыларымен уланудың созылмалы түрі. Бертін келе, ол тізбе Халықаралық Еңбек Ұйымының (одан әрі - ХЕҰ) 1980 жылғы №121-ші Конвенциясымен кеңейтілді және бүгінгі таңда, тізбеге кәсіби аурулардың 29 тобы біріктірілген. Сонымен бірге, тізбеде кәсіби аурулардың өрбуіне тікелей себеп болатын өндіріс факторлары мен адам денсаулығына теріс әсерін тигізетін жұмыс түрлері көрсетілген. Конвенция жұмысшылар бойындағы кәсіби аурулардың диагнозын анықтаудың 3 жүйесін белгілейді:
     1.Кәсіби аурулар тізбесіне (тізіміне) қарай.
Әр елдің, өзіндегі ДСМ-імен бекітілген кәсіптік аурулардың тізбесі болады. Кешегі күнге дейін біздің елде де, сондай тізбе болған-ды. Бірақ, ол ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2018 жылғы 5 мамырдағы №224 бұйрығымен қысқартылып тынды. Оның орнына ХЕҰ - ның Әкімшілік кеңесі бекіткен Кәсіби аурулардың тізбесін (25 наурыз, 2010 ж.) басшылыққа алып жұмыс істеудеміз.
2.Кәсіптік ауру» терминінің жалпы анықтамасына сәйкес.
Тәуелсіз Қазақстанның Дүниежүзілік Сауда Ұйымына кіруіне байланысты, кәсіби тәуекелдер мен кәсіптік ауруларды жете түсіну үшін, алдыңғы қатардағы өркениетті елдердің барлығына кеңінен танылып, қалыптасқан халықаралық тәсілдер мен терминологияны қолданған жөн. Атап айтқанда, ХЕҰ – ның бекіткен анықтамасы (1996 ж.) өте маңызды және пайдалы: Кәсіптік ауру - қауіпті факторлардың әсерінен туындайтын ауру».
Берілген анықтаманың ғылыми негіздері, аурулардың жұмыс орнымен байланысының барлық спектрін ескеруге мүмкіндік береді және жұмысшылардың бойындағы кәсіптік ауруларды тауып білудің жаңа критерийлерін ұсынумен қатар, кәсіби тәуекелдерді де тиімді басқару үшін өте маңызды.
Өз еліміздегі кәсіптік ауруға берілген анықтама, ҚР Еңбек кодексінің 1-ші бабында былайша көрсетілген: Кәсіптік ауру дегеніміз жұмыскердің өз еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау кезінде оған зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардың әсер етуінен туындаған созылмалы немесе жедел ауру. 
3.Кәсіптік аурудың жалпы анықтамасын тізбемен толықтырылған нұсқасы бойынша.
ХЕҰ – ның сарапшылары үшінші - біріктірілген жүйесін таңдаған, яғни осы жүйені жұмысшыларды икемді әлеуметтік қорғаумен қамтамасыз етуші ретінде ұсынады. Бұл жүйе көптеген дамыған елдерде, соның ішінде АҚШ, Жапония және Еуропа елдерінде ортақ шешіммен қабылданып, толыққанды пайдаланылып келеді.
Еуродақ елдерінде кәсіби ауруларды диагностикалау бойынша методикалық нұсқаулық бар, оған қоса, жұмысшылардың мамандығымен тікелей байланысты кәсіби аурулардың тізбесі жасалынған. Сонымен бірге, аурулардың қосымша тізбесі де бар, олар да келешекте кәсіби аурулардың негізгі тізбесімен біріктірілуі мүмкін. Еуродаққа мүше елдердің барлығына бірдей берілген кеңес - ол жұмысшылардың өтемақы алу құқығын заңдастыру қажеттілігі, егер де ол негізгі тізбеге кірмеген аурулармен науқастанып қалған күнде де. Себебі, ол аурулардың болашақта кәсіби ауру екендігі дәлелденуі мүмкін, немесе олар қосымша тізбеден болуы мүмкін. Бұл еуродақ елдеріндегі бағалау жүйесінің аралас жүйеге жататындығын, яғни 3-ші жүйеге жақын екендігін көрсетеді.
Кейбір елдерде кәсіби ауруларды бағалау тіпті басқаша болатындығын айта кеткен абзал. Мысалы, Францияда эпидемиологиялық ақуалға байланысты тізбедегі аурулар санын көбейтуге болады, ал Голландияда - аурудың себебін еңбек орындарындағы өндірістік факторлардың әсерімен байланыстылығын дәлелдеуді талап етеді. АҚШ, Финляндия және кейбір елдерде кәсіби аурулардың басыбайлы мемлекеттік тізбесі жоқ. Бұл елдерде арнайы сертификаты бар еңбек медицинасының мамандары – дәрігер профпатологтар кез келген ауруды кәсіби ауру деп бағалауларына болады, егер олар кәсіптік немесе өндірістік факторлардың сол аурудың өрбуіне себеп болғанын анықтаса. Сонымен бірге, "кәсіби" және "өндірістік-шартты" аурулар терминдері бір мағынада деп саналады. 
Біздің жағдайымызда кәсіптік аурулардың басыбайлы мемлекеттік тізбесі жойылғандықтан, пандемия кезеңіндегі кәсіби ауруларды анықтау үшін, ХЕҰ-ның 2010 жылғы 25 наурыздағы Әкімшілік кеңесі бекіткен кәсіптік аурулардың тізбесіндегі (2010 жылғы қайта қарау) 1.3.9. тармағын пайдалануға тиіспіз. Кәсіби қызметіне байланысты әлгіндей биологиялық факторлардың экспозициясы мен қызметкерде пайда болған ауру (аурулар) арасындағы тікелей байланыс ғылыми тұрғыдан немесе ұлттық жағдайлар мен практикада  жүргізілген әдістермен анықталатын болса, диагнозды белгілеу еш қиындық туғызбайды.
Осылайша, әлемнің барлық өркениетті мемлекеттерінде, соның ішінде тек ғана еуродақ елдерінде емес, сонымен бірге, біздің елде де пандемия жағдайында медицина қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін орындау кезеңінде пайда болған ауру мен кәсіптерінің арасындағы байланысты сараптауда, ешқандай күрделі проблемалар туындамайтынына оңай көз жеткізуге болады.
Бұдан әрі, еліміздегі «COVID-19» пандемиясына қарсы бағытталған іс-шаралар неден басталып еді деген ойларға ойысалық.
 Біріншіден, жұмыс орындарында аталған коронавирус жұқпасын жұқтырып алып науқастанған немесе қайтыс болған медицина қызметкерлеріне біржолғы әлеуметтік төлемнің берілуін қамтитын Президент Қ.К. Тоқаев мырзаның Жарлығы жарияланған-ды. Жарлықта көрсетілген  міндеттемелерді орындау үшін, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 9 сәуірдегі №129 және ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 9 сәуірдегі шығарған «Денсаулық сақтау ұйымдарының COVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы күрес жөніндегі эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлері аталған инфекцияны жұқтырған немесе сонымен ауырып қайтыс болған жағдайда, оларға біржолғы әлеуметтік төлемді жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» №ҚР ДСМ-35/2020 бірлескен бұйрығы жарық көрді.
Өкінішке орай, екі бірдей министрдің бірлесіп жазған бұйрығы еліміздегі әлеуметтік жағынан ең аз қорғалған бөлігі - медицина қызметкерлерінің көңілдерін ортайтып тастады. Атап айтатын болсақ, медицина қызметкерлері өздерінің кәсіптік қызметтерін орындау барысында «COVID-19» коронавирустық инфекциясын жұқтырып ауыратын болса, онда ол науқас кәсіби ауру болып табылатынын біле тұра, «әрбір затты өз атымен атау» принципінен қос министр бас тартты. Осылайша министрлер, ҚР Еңбек кодексінің 1-ші бабын «белінен» сызып тастады! 
Екіншіден, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (әрі қарай-ДДСҰ) 2020 жылғы 19 наурыздағы жарияланған уақытша  нұсқауларын да көздеріне де ілмеді. Сол жерде былай деп келтірілген: Егер жұмыс орнында «COVID-19» инфекциясын жұқтырған болса, өтемақы, қалпына келтіру және медициналық қызмет көрсету құқығын құрметтеңіз. Бұл жай кәсіби инфекцияны жұқтырған болып есептеледі, ал соның салдарынан өрбіген ауру кәсіптік ауру деп саналады.
Үшіншіден, кәсіптік ауру мәртебесін иеленген науқастарға, біржолғы әлеуметтік төлемді жүзеге асыру мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының есебінен (ГССФ), ҚР-ның «Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» 2005 жылғы 7 ақпандағы N30 Заңы аясында,  медициналық әлеуметтік сараптау комииссиясының оң шешіміне сүйене отырып іске асырылуы керек еді.
Төртіншіден, министрлер бірлесіп жазған бұйрықтағы Қағидалардың 2-тармағында былайша көрсетілген: Адамдарға әлеуметтік төлемдерді ұйымдастыру үшін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органы комиссия құрады. Сол комиссияның құрамына 6 бірдей ұйымның өкілі кіргізілген, тек ол жерде профпатологиялық сараптау комииссиясының мүшелері, яғни қызметкерлердің бойындағы ауру мен еңбек жағдайы арасындағы байланыстың бар екендігін анықтау міндеті құзіретіне кіретін медициналық мамандар - дәрігер профпатологтар ғана жоқ. Жергілікті атқарушы органдардың бұл жұмысқа ешқандай да қатысы жоқ және болуы да мүмкін емес.
Медицина қызметкерлері өздерінің қызметтік міндеттерін орындау барысында кәсіби ауру деген күдікке ілінген кезде, науқастағы ауру мен сырттан әсер еткен факторлардың арасындағы байланыстың бар немесе жоқ екенін шешу, тек ғана  профпатологиялық сараптау комииссиясының және медициналық әлеуметтік сараптау комииссиясының құзырларына кіретін міндет, басқа варианттың болуы мүмкін емес! 
Қос бірдей министрдің осындай қателікке ұрынуларының себебі неде деген сұрақ та тууы мүмкін?
Біріншіден, бүгінгі таңда, ел халқына 60-жыл бойы қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан жалғыз республикалық «Еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар Ұлттық орталығы» әр өңірдегі филиалдарымен қоса, министр Біртановтың жарлығымен, 2018 жылы жабылып тынды. Болмашы бір қалған бөлігін, «Профпатологиялық институт» деп айдар тағып, еліміздегі ең бір жемқорлыққа батқан (Нұр Отан партиясының дерегі бойынша) Қарағанды медициналық университетіне қосып жіберді (ректоры Р. Досмағамбетова).
Екіншіден, денсаулық саласындағы дәрігер профпатолог лауазымы алғашқы медицина-санитарлық көмектің (ПМСП) құрамына кіргізілмегендіктен, бюджет тарапынан қаржыландырылмайды. Осыған орай, елдегі профпатологиялық қызмет мамандары азайып кетті. Бүгінгі таңда, ДСМ-нің өзінде де профпатологиялық қызметті түсіне алатын бір маман жоқ! Мәселенің осы жағы әсіресе, осы қызметтің «ыстығына күйіп, суығына тоңып» жүрген қарапайым дәрігер профпатологтар үшін алынбас асу болып келеді. Себебі, күнделікті қызмет барысында қолданылып келе жатқан министрліктің бұйрықтарын басшылыққа алып жұмыс істеу мүмкін емес. Бұйрықтарды дайындау жұмысына осы саланың мамандарын емес, бұл қызметті түсінде де көрмейтін балалар дәрігерлері, одан қалса санитарлық қызметтің мамандарына жүктеліп келеді. Бір сөзбен айтқанда, еліміздің денсаулық саласындағы «шала - жансар» күй кешіп жатқан профпатологиялық қызметтің өзі көмекке аса зәру болып отыр.
Үшіншіден, күні бұрын өз бастарының пайдасын алдыңғы орынға қойған қос министрдің  бір «ойлағаны» болуы бек мүмкін. Ол жағын, осы уақытқа дейін жүргізіліп келе жатқан қылмыстық тергеу жұмыстарының қорытандысы көрсете жатар.
Жоғарыда көрсетілген кемшіліктерді енді қайталанбастай етіп өзгертудің жолдары табыла ма екен, табылып жатса неден бастауымыз керек деген тақырыпқа байланысты ойларымызды айтуды, кезекті мақаламыздың еншісіне қалдырмақпыз, құрметті оқырман!
Қолданылған әдебиеттер:
1.Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі. 23 қараша, 2015 жыл. №414-V.
2.Қазақстан Республикасының «Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» 2005 жылғы 7 ақпандағы N30 Заңы.   
3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің «Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру материалдарын ресімдеу бойынша нысандарды бекіту туралы» 2015 жылғы 28 желтоқсандағы №1055 бұйрығы.
Читайте также
Паспорт предприятия
Паспорт предприятия
---
ТОВАРИЩЕСТВО С ОГРАНИЧЕННОЙ ОТВЕТСТВЕННОСТЬЮ "ИНСТИТУТ ПОСЛЕДИПЛОМНОГО ОБУЧЕНИЯ СПЕЦИАЛИСТОВ МЕДИЦИНЫ
ҚАЛЫҢ ЕЛДІ ЖАЛМАҒАН ІНДЕТ ҮШІН ЕМЕС . . .
ҚАЛЫҢ ЕЛДІ ЖАЛМАҒАН ІНДЕТ ҮШІН ЕМЕС . . .
---
Құрметті оқырман! Еліміздегі денсаулық саласын цифрландыру бағдарламасына бөлінген 526 миллион теңгені жөнсіз жұмсады деп айыптап, қоғамнан
Добавить
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив