Медицинские доклады, лекции,
темы, научные статьи и др...
» » МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ДЕНСАУЛЫҒЫН САҚТАУ - ӨТЕ МАҢЫЗДЫ МІНДЕТ

МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ДЕНСАУЛЫҒЫН САҚТАУ - ӨТЕ МАҢЫЗДЫ МІНДЕТ

1-06-2021, 16:36
328
0
Құрметті оқырман!
Пандемия кезеңінде орын алған кемшіліктердің барлығын, енді қайталанбастай етіп өзгертудің жолдары табылар ма екен, табылып жатса, неден бастауымыз керек деген сұрақтарға тоқтағалы отырмыз. 
Біріншіден, өздеріңізге мәлім болғанындай, пандемия кезеңінде жұмыс орындарында коронавирус жұқпасын жұқтырып алып науқастанған немесе қайтыс болған медицина қызметкерлеріне біржолғы әлеуметтік төлемнің берілуін қамтитын Президент Қ.К. Тоқаев мырзаның Жарлығы жарияланған-ды. Жарлықта көрсетілген  міндеттемелерді орындау үшін, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 9 сәуірдегі №129 және ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 9 сәуірдегі шығарған «Денсаулық сақтау ұйымдарының COVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы күрес жөніндегі эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлері аталған инфекцияны жұқтырған немесе сонымен ауырып қайтыс болған жағдайда, оларға біржолғы әлеуметтік төлемді жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» №ҚР ДСМ-35/2020 бірлескен бұйрығы жарық көрді.
Үлкен өкінішке орай, министрлердің бірлесіп жазған бұйрығы, еліміздегі әлеуметтік жағынан ең аз қорғалған бөлігі - медицина қызметкерлері үшін «Жығылғанға жұдырық» болып тиді. Атап айтатын болсақ, медицина қызметкерлері өздерінің кәсіптік қызметтерін орындау барысында «COVID-19» коронавирустық инфекциясын жұқтырып ауыратын болса, онда ол науқас кәсіби ауру болып табылатынын біле тұра, «әрбір затты өз атымен атау» принципінен қос министр бірдей бас тартты. Осылайша министрлер, ҚР Еңбек кодексінің 1-ші бабын «белінен сызып» тастауға дейін барды! 
Екіншіден, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (әрі қарай-ДДСҰ) 2020 жылғы 19 наурыздағы жарияланған уақытша   нұсқауларын да, көздеріне де ілмеді. Сол жерде былай деп келтірілген: Егер жұмыс орнында «COVID-19» инфекциясын жұқтырған болса, өтемақы, қалпына келтіру және медициналық қызмет көрсету құқығын құрметтеңіз. Бұл жай кәсіби инфекцияны жұқтырған болып есептеледі, ал соның салдарынан өрбіген ауру - кәсіптік ауру деп саналады.
Үшіншіден, кәсіптік ауру мәртебесін иеленген науқастарға, біржолғы әлеуметтік төлемді жүзеге асыру мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының есебінен екендігіне қарамастан (ГССФ), ҚР-ның «Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» 2005 жылғы 7 ақпандағы N30 Заңы аясында жүргізілуіне, үзілді-кесілді қарсы болды.
Төртіншіден, министрлер бірлесіп жазған бұйрықтағы Қағидалардың 2-тармағында көрсетілгендей, төлемдерді жүзеге асыруда, тек төтенше жағдай кезеңін есепке алынатындығы айтылған және осылай болды да.
Осы жерде, адам айтса сенгісіз, орын алған күлкілі жайды келтіргелі отырмыз. Зардап шеккен медицина қызметкерлеріне әлеуметтік төлемдерді ұйымдастыру үшін облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органы (бұдан әрі - ЖАО) комиссия құрады. Комиссия құрамына кіргендердің саны бұйрық бойынша тақ сан болуы керек деп жазылған, бірақ, іс жүзінде 6 бірдей ұйымның өкілі кіргізілген.  Ең бастысы, медицина қызметкерлері өздерінің қызметтік міндеттерін орындау барысында кәсіптік ауруға ұшыраған деген күдікке ілінген болса, науқастағы ауру мен сырттан әсер еткен факторлардың (корнавирус жұқпасы) арасындағы байланыстың бар немесе жоқ екенін шешу, тек ғана  профпатологиялық сараптау комииссиясының және медициналық әлеуметтік сараптау комииссиясының құзырларына кіретін міндет, басқа варианттың болуы мүмкін емес! Мәселен, эпидемиолог дәрігерлердің өздеріне де, әлгіндей құзырет берілмеген, олар тек қандай да бір қызметкерлердің еңбек жағдайына қатысты мәліметтерді берумен ғана шектеледі. Демек, жергілікті атқарушы органдардың бұл жұмысқа ешқандай қатысы да жоқ және болуы да мүмкін емес!
Министрлердің жоғарыда атап көрсетілген бұйрықтарынан соң, қандай қарама-қайшылықтар орын алды, енді осы жағына қарай ауыссақ.
Сондай келеңсіздіктің мысалы ретінде, Республикалық кәсіподақтар қоғамдық бірлестігінің төрағасы С. Дәулеталиннің ҚР Премьер - министрі А.Ұ. Маминге жазған хатынан бір ғана мысал келтіре кетсек:  
.... Медициналық жұмыскерлер үстеме жұмыстарға Еңбек кодексінің 77 бабы 2 тармағына сәйкес тартылады (денсаулықтан айырылу немесе өлім қаупі төнген азаматтарға шұғыл және кезек күттірмейтін жәрдем көрсету үшін, төтенше жағдайларды болдырмау үшін жұмыскердің келісімі талап етілмейді) және олардың көпшілігі еліміздің осы қиын кезеңінде адал, жанкешті әрі жоғары кәсіпшілікпен жұмыс атқаруда.
Алайда, іс жүзінде жұмыс берушілер (мемлекеттік медициналық ұйымдар) Еңбек кодексінің 78 бабы 2 тармағына сілтеме жасап (үстеме жұмыстардың жалпы ұзақтығы айына он екі сағаттан және жылына бір жүз жиырма сағаттан аспауға тиіс), үстеме жұмыстар үшін төленетін қосымша ақының мөлшерін шектеп отыр. Бірақ, аталған шектеулер (Еңбек кодексінің 78 бабы 3 тармағына сәйкес) қазіргі уақытта қалыптасқан пандемия жағдайында қолданылмауы тиіс, т с.с.
Осыған орай, үстіміздегі 2021 – ші жылдың ақпан айында Health and Capital ұйымы «Ковидке» қатысы болған медицина қызметкерлерінің арасында жүргізген әлеуметтанулық зерттеулер барысында, анықталған жайларды да жария етпекпіз:
Сауалнамаға мемелекеттік және жеке ұйымдардан 4715 медицина қызметкерлері қатысқан, олардың 61%-ы дәрігерлер, 32%-ы орта буындағы медицина қызметкерлері және 7%-ы зертханашылар, кіші медицина қызметкерлері және жедел жәрдем саласының қызметкерлері. Коронавирус жұқпасына қарсы күресте ең көп зардап шеккендері дәрігерлер болған және олардың тең жартысы ешқандай өтемақы алмаған.
«COVID-19» жұқпасын жұқтырған науқастармен жұмыс істеген әрбір екінші медицина қызметкері материалдық ынталандыру алған жоқ. Жеке медициналық орталықтар жұмысшыларының 80%-ы ештеңе алмаған, тіпті, бұған үміттенбейді де. Кейбір дәрігерлерден әкімшіліктің өкілдері өтемақының бір бөлігін қайтаруды сұраған, неге және не үшін, белгісіз? Респонденттердің жартысына жуығы (2288 адам) коронавируспен ауырған, олардың тек 11%-ы ғана толық өтемақы алса, солардың ішіндегі 7 адамнан алынған ақшаның бір бөлігін, мәжбүрлеп отырып қайтарып алған.
Осылайша, «COVID-19» - бен ауырған медицина қызметкерлерінің 90%-ы әртүрлі себептермен үкімет уәде еткен өтемақыларды алған жоқ.
Үкімет уәде еткен өтемақыларды төлеуден комиссия мүшелерінің бас тартуларына ең жиі себеб болған жайлар:
- критерийлерге сәйкес келмеуі (41%);
- медициналық ұйымның басшысы тізімге енгізбеген (25%);
- санэпидемилогиялық қызметтің мамандарымен немесе әкімдіктің шешімі бойынша шығарылды (11%);
- емдеу мекемелерінде ауызша түрде, өтемақы алуға өтініш жазбау ұсынылған (12%) — деп келтіреді зерттеу авторлары.
Дәрігерлердің жартысы вирус жұқтырды және олар жұмыста жұқтырғандарына сенімді. Көбінесе, әкімшілік кіші медициналық қызметкерлерге (47%), зертханашыларға (35%) және орта медициналық қызметкерлерге (31%) өтемақы төлеуден бас тартты.
Осылайша, әлеуметтанулық зерттеулер жүргізген авторлар зерттеу нәтижелерін төмендегіше қорытындылады:
- респонденттердің 78%-ы жұмыс орындарында науқастармен өзара әрекеттескен;
- «COVID-19» жұқпасын жұқтырған науқасты қабылдаған әрбір екінші медицина қызметкері, материалдық ынталандыру шараларын алған жоқ;
- медицина қызметкерлерінің тек 12% -ы ғана, ай сайынғы үстемеақы алып тұрған;
- медицина қызметкерлерінің жартысы «COVID-19»-бен ауырып, оны жұмыспен байланыстырады.
- науқастардың 90%-ы мемлекеттен біржолғы өтемақы алған жоқ;
- емхана және стационарлар қызметкерлеріне ең қиыны, уәде етілген өтемақы алу болды;
- респонденттердің 85%-ы COVID-19 жұқтырған әріптестері немесе таныстары (соның ішінде медицина қызметкерлері) ақыры өтемақы ала алмағанын айтты.
    Ал вице-министр М. Шоранов болса, жоғарыдағы зерттеулер басталмай жатып-ақ, оның айтуынша 20 қазаннан бастап медициналық қызметкерлерге әлеуметтік төлемдер тағайындау туралы өтініштерді қабылдау тоқтатылды-деп, айды аспанға бір-ақ шығарды. Яғни, ол 20 қазанда үкімет жанынан құрылған мемлекеттік коммисия өзінің кезекті отырысында, медициналық қызметкерлерге жасалынған барлық жағдайларды ескере отырып, бір реттік әлеуметтік төлемдерді төлеудің аяқталғанын жариялады.
Дегенмен, медицина қызметкерлері үшін бұл жайлар бүгінді күнге дейін, түсініксіз қалпында қалып отыр, себебі, пандемия да, карантин де бұрынғыша, медицина қызметкерлері арасындағы ауырмашылық та, жарияланбағаны болмаса, жалғасып келеді. Біздің сөзімізге дәлел ретінде, министрлік маманы былай дейді: «Елдегі ковидтің төмендеуін және эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануын ескере отырып, бүгінгі таңда медициналық қызметкерлердің жұмыс орындарындағы медицина қызметкерлерінің ауруы болмауы керек және ол болған жағдайдың өзінде, ауруханаішілік инфекция ретінде қарастырылуы керек деп есептеледі»-деген «көрегенділік» сөзбен тұжырымдады. Министрлікте отырған мұндай мамандармен, ары қарай әңгіме жалғастырудың өзі артықтау - ау?
 .... Егер дәрігер науқасты емдеу кезінде сол аурумен ауырып қалса және  ол дәрігерде осы вирустық инфекцияның барлық белгілері болса, тек зертханалық нәтижелер жалған-негативті немесе теріс болып жатса, онда сіз оларды басшылыққа алмауыңыз керек. Дәрігер коронавирустық инфекцияны жұқтырған деп ойлау керек. Мұнда басқа логика болуы мүмкін емес!
Вугар Құрбан ұлы Мамедов,
Бірінші вице-президент, Дүниежүзілік медициналық құқық қауымдастығы (WAML), вице-президент, Еуропалық медициналық құқық қауымдастығы (EAHL) кеңесінің мүшесі, американдық сот медицинасы қауымдастығының (ACLM) мүшесі
Міне осылайша, қоғамымыздағы ешқандай сыйы жоқ, айтқан уәждеріне бұл күндері адам баласы сенуден қалған әкім-қаралардың жүрген жерлерінде, Үкіметтен бөлінген қаржының «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетіп, қалғаны желге ұшқандарына куә болдыңыздар. Осы сынды, пандемия кезіндегі келеңсіздіктер медициналық қызметкерлердің өзіне де, ауруларға көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасына да әсер ететіндігі анық. Сондықтан медицина қызметкерлерінің денсаулығы мен әл-ауқатының жоғары деңгейде болуы, денсаулық сақтау саласындағы көрсетілер қызметтің сапалы болуының негізі болып табылатынына күмәніміз жоқ.
Мысалы, Қытай еліндегі денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау жүйелерінің келісілген сауатты әрекеттері, коронавирус пандемиясының аз уақытта аяқталуының кепілі болған екен.
Жақында ғана көрші Ресей елінде медицина қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы ұйымдастырған келелі жиын өтті. Думаның депутаты Анатолий Крючков өз сөзінде «Медицина қызметкерлерінің кәсіптік аурулары мен өндірістік жарақаттанудың алдын-алу» деген мәселеге кеңінен тоқталып өтті.
Спикердің айтуы бойынша, (пандемия болмаған кездің өзінде де) медицина қызметкерлерінің 25% -ы өз мамандықтарын мерзімінен бұрын, яғни зейнет жасына жетпей-ақ тастап кететін көрінеді. Мұның негізгі себебі – эмоциональды күйіну синдромы (синдром эмоционального выгорания). 15 жыл бойы қарқынды еңбек еткен (айталық, 2-3 жерде қатар) медицина қызметкерлерінің 80% -ында осындай ауытқулар орын алады екен. Егер дәрігерлер арасындағы өлім-жітім  туралы айтатын болсақ, онда бұл көрсеткіш халықтың негізгі когортынан 32%- ға жоғары және өмір сүру ұзақтығы - бар болғаны 56 жыл (2015 ж.).
Ал, өз еліміздегі медицина қызметкерлерінің кәсіптік аурулары мен өндірістік жарақаттануларына байланысты статистикалық мәліметтер жоқтың қасы, себебі, мұндай мәселелер біздегі мәжіліс депутаты тұрмақ, денсаулық сақтау министрлігінің де «бас ауруына» айналмаған. Мысалы,  2015-2017 жылдары бойынша, Астана қаласындағы туберкулезге қарсы күресетін диспансердің мәліметтері бойынша, осы уақыт ішінде қаладағы медицина қызметкерлерінің 41-і туберкулезбен науқастанған. Өкінішке орай, солардың ешқайсысы кәсіби ауру деген күдікпен Қарағанды қаласындағы Кәсіби аурулар орталығына жіберілмеді. Бұл жағынан, сол кездегі қалалық денсаулық сақтау басқармасының бастығы толық хабардар болса да. 
    Жалпы, бүгінгі таңдағы медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі, өткір мәселелер қатарында тұрғанын, олардың негізінен 4 топқа біріктірілгенін айта кеткеніміз абзал: механикалық, физикалық, химиялық және психо-эмоционалды факторлардың әсерінен өрбитін аурулар. Аурудың құрылымында бірінші кезекте инфекциялар, аллергиялық көріністер және тірек-қимыл аппаратының зақымдануы болып келеді. Солардың ішіндегі ең жиі кездесетіні - эмоциональды күйіну синдромы (синдром эмоционального выгорания) десек, осы синдромның зардабынан АҚШ – тағы еңбек ететін дәрігерлердің күн сайын 1-уі қайтыс болатын көрінеді. Сол сияқты еліміздегі «Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институтының» мәліметі бойынша, жедел-жәрдем көрсету мекемелеріндегі еңбек ететін медицина қызметкерлерінде, ары кетсе 3 жылдың ішінде, кәсіби күйініп кету синдромымен ауыратындығы анықталған. Сонымен бірге, пандемия кезінде үлкен жауапкершілікпен еңбек етіп, қайсыбірі ауырып, әріптестерінен айырылып, қала берді Үкімет уәде берген үстемақы мен өтемақыларын ала алмаған, көңілдері әбден қалған медицина қызметкерлерінің бір бөлігі, «қолдарын» бір-ақ сілтеп, сол кездің өзінде-ақ мамандықтарынан бас тартқан-тұғын.
Сол сияқты, Ranking.kz агенттігінің зерттеулері бойынша, 2020 жылдың алғашқы 3 тоқсанында әрқайсысының 15 жылдан аса еңбек өтілі бар 11 мың 400 маман, елден көтеріле көшіп кеткен. Солардың ішіндегі ең көбі – дәрігерлер 561, заңгерлер – 387,  сәулетші–құрылысшылар – 280, ауыл шаруашылық мамандары  – 155 адамды құраған (17.02.2021).
Мысалы, 2020 жылы Қазақстаннан бір мезетте, қазіргі таңда өте қажет IT- мамандығының 75 маманы Беларусь еліндегі Жоғары технологиялық паркіне барып орналасқан еді. Енді міне, осы жағдай дәрігерлермен де қайталанып отыр деуге болады. Ал, өз еліміздегі дәрігерлердің жетіспеушілігі, экс-министр Біртановтың айтуы бойынша 6000 мен 8000 аралығында!
Сонымен, жоғарыдағы баяндалған заңнамалық фактілердің негізінде, медицина қызметкерлерінің пандемияға (басқа да, ықтимал кәсіптік ауруларға) байланысты денсаулықтарын сақтау және оңалту, әлеуметтік жағынан қолдау мен еңбек орындарындағы зиянды факторлардың әсерінен қорғау және оларды қорғаныс құралдарымен толыққанды қамтамасыз ету; кәсіптік аурулар мен жазатайым жарақаттану оқиғаларының алдын алуға бағытталған шараларды еңбек медицинасының мамандарымен кешенді түрде жүргізудің бағдарламасын жасау; соңғы кездері денсаулық саласындағы орын алып отырған кадрлар жетіспеушіліктерімен басқа да халыққа медициналық көмек көрсетудің сапасы мен тиімділігін жақсарту және жүйедегі тамыры тереңге кеткен жемқорлықты барынша азайту мақсатында мынадай шараларды қарастыруды ұсынамыз:
1. Еңбек орындарында коронавирус жұқпасын жұқтырып алып науқастанған немесе қайтыс болған медицина қызметкерлеріне біржолғы әлеуметтік төлемнің берілуін қамтитын Президент Қ.К. Тоқаев мырзаның Жарлығына орай, пайдалануға берілген  ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 9 сәуірдегі №129 және ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 9 сәуірдегі шығарған «Денсаулық сақтау ұйымдарының COVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы күрес жөніндегі эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлері аталған инфекцияны жұқтырған немесе сонымен ауырып қайтыс болған жағдайда, оларға біржолғы әлеуметтік төлемді жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» №ҚР ДСМ-35/2020 бірлескен бұйрығын түбегейлі жою. Бұл бұйрық қолданыста жүрген:
-ҚР Еңбек кодексінің 1-ші бабына; 
-Халықаралық Еңбек Ұйымының (1996 ж.) «Кәсіптік ауру – қауіпті факторлардың әсерінен туындайтын ауру» деген шешіміне;
-ДДСҰ-ның 2020 жылғы 19 наурыздағы «Коронавирус ауруы (COVID-19): Кәсіби қауіпсіздік пен денсаулықты сақтау бойынша негізгі ұсыныстарға қоса, медициналық мамандардың құқықтары, рөлі және жауапкершілігі» атты құжатына;
-ҚР «Қызметкерді өзінің еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау кезінде жазатайым жағдайлардан міндетті сақтандыру туралы» 2005 жылғы 07 ақпанындағы N30-III Заңына.
- ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы1032 бұйрығы;
- ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы №1055 бұйрықтарына қарама-қайшы келеді.
2. Коронавирус жұқпасын жұқтырып алып, зардап шеккен медицина қызметкерлеріне әлеуметтік төлемдерді ұйымдастыру үшін, яғни кәсіптік патологияны анықтау үшін, жергілікті атқарушы биліктің соншама адамды жинап, отырыс жасаудың ешқандай қажеті жоқ. Олардың ешқайсысының кәсіби ауруларға сараптама жасап, ақ-қарасын анықтауға ешқандай құзыреттері де, құқықтары да жоқ! Мәселен, дәрігер эпидемиологтардың қызметінің өзі, ҚР Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 30 мамырдағы №415 бұйрығында көрсетілген инфекциялық ауру ошағын эпидемиологиялық тексеру картасын берумен ғана шектеледі.
Медицина қызметкерлерінің науқастанып қалуы, коронавирус «Ковид-19» инфекциясының әсерінен бе, жоқ па, ол жағы профпатологиялық сараптау комиссиясының шешімімен анықталады.  Аурудың себебі «Ковид-19» инфекциясымен байланысты болған жағдайда, науқастың жұмыс орнына ресми хабарлама жіберіледі. Өз кезегінде жұмыс беруші, кәсіби аурудың орын алуына байланысты, өзінің бұйрығымен тағы да комиссия құруы керек. Комиссияның шешімі бойынша «Еңбек қызметіне байланысты кәсіби ауруды тергеп-тексеру актісі» жасалынады. Дәл осы акті ғана (!) медицина қызметкерлерінің, қызмет көрсету барысында жұқтырып алған «Ковид-19» індетін кәсіби ауру деп тануға, заңнамалық және статистикалық  құқық бере алады. Осы актімен, кәсіптік науқасы бар қызметкер өз кезегінде  ҚР «Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау» министрлігінің 2019 жылғы 12 желтоқсанындағы №671-ші бұйрығына байланысты медициналық әлеуметтік сараптау комиссиясынан өтуі керек. 
Міне, осыдан кейін ғана, әлгі науқас кәсіптік ауру болып табылып, ҚР 2005 жылғы 07 ақпанындағы N30-III Заңына сәйкес берілетін ақшалай көмек, осы құжаттар болған жағдайда ғана берілуі тиіс.  Басқа қосымша варианттың барлығы-жемқорлыққа апаратын жол!
    3.Еңбекке қабілетті медицина қызметкерлерінің денсаулығын сақтау мен нығайтудың маңызды тетіктерінің бірі зиянды және/немесе қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлерді, міндетті түрде алдын-ала (жұмысқа қабылдау кезінде) және мерзімді (жұмысқа қабылданғаннан соң) медициналық тексеруден өткізу болып табылады. Бұл тексерулердің негізгі міндеті - кәсіптік және өндірістік ауруларды ерте анықтап, алдын алу болып табылады. Бұл жұмыстың барлығы профпатологиялық сараптау комиссиясының қатысуымен атқарылуға тиісті. Өкінішке орай, мұндай тексерулер де бақылаусыз қалған. Осындай кезде, мылтықсыз майданның бел ортасында жүретін кәсіби патология қызметінің мамандары да жұмыссыз қалды. Экс министр, өзі осы індеттің келетінін білгендей, үш жыл бұрын Республикалық кәсіптік аурулар орталығы мен елдегі кәсіби патология қызметін қысқартып жіберген-ді.  
4.Ең бастысы, бірінші кезекте осыдан үш жыл бұрын, еліміздегі қызметі керексіз болып қалған кәсіби патология қызметін жақын арада жандару, кезек күттірмейтін шаруа. Бүкіл ел халқына профпатологиялық көмек көрсететін Елордада республикалық Еңбек медицинасы орталығын ашқан дұрыс болар еді. Дәл осындай орталықтарды ашу, еліміздің барлық өңірлерінде де, өзінен өзі сұранып тұрған жайлар. Кәсіптік патология маманы – дәрігер профпатолог, Халықаралық Еңбек Ұйымының және ДДСҰ-ның шешіміне сәйкес, алғашқы санитарлық медициналық көмек көрсету жүйесіне кіретін, қажеттілігі өте жоғары маман болып табылады. Сондықтан, осындай мамандарды көптеп дайындау үшін, резидентурада оқыту арқылы шешулеріміз керек. 
5. Екі жылға жуық созылған пандемияның әсерінен зардап шеккен медицина қызметкерлерінің денсаулықтарының жай-жапсарын зерттеп, еңбек орындарының және әлеуметтік, тұрмыстық жағдайларын ғылыми көзқараспен зерделеуді қажет ететін сияқты. Осы ретте, еліміздегі медицина қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы, дәрігерлер қауымы (Ассоциасы) және «Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау» министрлігінің өкілдерінің қолдауымен, барлық өркениетті елдердегі сияқты «Медицина қызметкерлерінің денсаулығы» атты бағдарлама қабылдаған да дұрыс болар еді.
Міне, осы жайлардың барлығы сарапталып, өз орындарына қойылғанда ғана, денсаулық саласының жұмысы оңға басуы әбден мүмкін?!
Қолданылған әдебиеттер:
1.Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі. 23 қараша, 2015 жыл. №414-V.
2.Қазақстан Республикасының «Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» 2005 жылғы 7 ақпандағы N30 Заңы.   
3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің «Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру материалдарын ресімдеу бойынша нысандарды бекіту туралы» 2015 жылғы 28 желтоқсандағы №1055 бұйрығы.
4. ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы1032 бұйрығы.
5. ҚР «Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау» министрлігінің «Медициналық әлеуметтік сараптама жүргізу ережелері» атты 2019 жылғы 12 желтоқсанындағы №671-ші бұйрығы.

Читайте также
Паспорт предприятия
Паспорт предприятия
---
ТОВАРИЩЕСТВО С ОГРАНИЧЕННОЙ ОТВЕТСТВЕННОСТЬЮ "ИНСТИТУТ ПОСЛЕДИПЛОМНОГО ОБУЧЕНИЯ СПЕЦИАЛИСТОВ МЕДИЦИНЫ
ҚАЛЫҢ ЕЛДІ ЖАЛМАҒАН ІНДЕТ ҮШІН ЕМЕС . . .
ҚАЛЫҢ ЕЛДІ ЖАЛМАҒАН ІНДЕТ ҮШІН ЕМЕС . . .
---
Құрметті оқырман! Еліміздегі денсаулық саласын цифрландыру бағдарламасына бөлінген 526 миллион теңгені жөнсіз жұмсады деп айыптап, қоғамнан
Добавить
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив