Медицинские доклады, лекции,
темы, научные статьи и др...
» » УДК 613.62 МІНДЕТТІ МЕДИЦИНАЛЫҚ ТЕКСЕРУЛЕР ЖҮРГІЗУДІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ НЕГІЗДЕРІ

УДК 613.62 МІНДЕТТІ МЕДИЦИНАЛЫҚ ТЕКСЕРУЛЕР ЖҮРГІЗУДІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ НЕГІЗДЕРІ

8-02-2024, 21:24
340
0
Кіріспе.
Еңбекшілердің денсаулығын сақтауға көңіл бөлудің алғашқы әрекеттері Петр I билігі кезінде (1682-1725жж.), жұмысшылардың денсаулығын сақтауды қамтамасыз ететін алғашқы нормативтік құжаттар туралы жарлықтардың шығуымен басталған. Мысалы, қару-жарақ жасау зауытында «дәріханасы бар дәрігер» штаты болған. Металлургиялық кәсіпорындарда және кеме құрастыру зауытында ауруға шалдыққан еңбекшілердің денсаулығын қалпына келтіру мақсатында амбулаториялық медициналық мекемелер қызмет көрсеткен.
1763 жылы Ресейде «Металлургияның немесе тау-кен өндірісінің алғашқы негіздері» атты М.В. Ломоносовтың нұсқаулығы жарық көрді. Онда автор кеншілердің жұмыс жағдайы мен тұрмысына сипаттама бере отырып, тау-кен өндірісіндегі еңбек ететін адамдардың денсаулығын сақтау үшін, аурудың алдын алу шараларын енгізу қажеттілігін жазып, ерекше көзқараспен қарауды міндеттеген.
Мысалы, жұмыс орындарында жасанды желдетуді жасау мақсатында, табиғи желдету жүйесі мен жұмыс қауіпсіздігі үшін бірқатар құрылғыларды әзірледі, арнайы қорғаныс киімдерін ойлап тапты. Шахталарда демалыс орындарын құруды, жеті сағаттық жұмыс күнін енгізуді және балалардың еңбек етуіне тыйым салуды ұсынды. Жұмыс орындарындарын таза ауамен қамтамасыз етіп тұратын желдеткіш жүйелерінің жұмысын ұйымдастыру, жұмыс кезінде қажетті арнаулы киім-кешек пен қорғаныс құралдарын пайдалану тәртіптерін енгізді. Әсіресе, жұмысшылардың өндіріс орындарындағы жарақаттануларды болдырмау мәселелеріне көп көңіл бөлінді.
М.В. Ломоносов кеншілер арасындағы барлық аурулардың ең жиі және шынайы себептерінің бірі, ол – ауаның бұзылуы деп есептеген. Өйткені, ауаның дымқыл болуы, ауа-райының тұманды күндері адам денесінің ауырлап, жай қозғалатыны байқалады; керісінше, суық ауаның әсерінен адам денесінің ашық бөлігінің жүйке талшықтары жиі зақымдалады. Сондай-ақ, адам шамадан тыс артық тамақтанса, оның өзі де ауру тудыруы мүмкін. Ауруға әкелетін тағы бір себептердің бірі – психикалық бұзылулар (қорқыныш, ашу, қайғы, депрессия).
Өндіріс орындарындағы еңбек ететін адамдарда әртүрлі аурулардың пайда болуының жоғарыда келтірілген себептері, бүгінгі таңда да өзекті болып отыр. Бірақ, олар туралы бірінші болып айтқан М.В. Ломоносов екенін және медицинадағы этиотроптық терапияның заманауи қағидаларын қалыптастырудағы оның еңбегін мойындауымыз керек.
Ал уақыт өте, адам денсаулығына аса зиянды және өте қауіпті факторларға толы өндіріс орындарындағы жұмысшыларға арнаулы мамандырылған медициналық көмек көрсету, 1866-шы жылы «Мәскеу губерниясындағы зауыттар мен фабрикалардағы медицина мекемелерін орналастыру туралы» заңның қабылдануымен байланысты болды. Осы заңның талабына сай, жұмысшылар зауыттар мен фабрикаларға қабылданбас бұрын, бірінші кезекте, денсаулығына байланысты міндетті медициналық тексерулер, яғни бұл күндері өзімізге жақсы таныс, алдын ала медициналық тексерулерден өту ісі міндеттелген болатын.
Дегенмен, адам денсаулығына зиянды және өте қауіпті өндіріс орындарындағы жұмысшылардың аурушаңдықтары мен жазатайым жарақаттану оқиғаларын болмауға, тек қана – жұмысқа қабылданар алдындағы өтуге тиісті міндетті медициналық тексерулердің тиімділігі жеткіліксіз болды. Осыған орай, ендігі жерде тәулігіне 12-16 сағат бойы, зиянды өндірістік факторлармен тығыз байланыстағы жұмысшылардың денсаулығын, міндетті түрде әр жыл сайын (немесе 6 ай сайын) тексеріп тұру тәртібі енгізілді. Бертін келе, әлгіндей міндетті медициналық тексерулердің жыл сайынғы жүргізілуге тиісті кезеңдік түрі, жұмысшылар өмірінде қалыптасқан үрдіске айналды.
Міндетті медициналық тексерулер – өндіріс орындарындағы еңбек ететін жұмысшылардың денсаулығы мен еңбек қауіпсіздіктерін қамтамасыз ете отырып, өз дәрежесінде бақылауда ұстау, жұмыс берушілер мен жұмысшыларға да қатысты баға жетпес байлық болып табылатын-ды. Бұл жердегі, міндетті медициналық тексерулерді ұйымдастыру жұмыс берушілерге арнайы заңмен бекітілгенімен, маңызды шараның өз деңгейінде толыққанды жүргізілуіне, Еңбек медицинасының құрамындағы медицина, санитарлық қадағалау және еңбекті қорғау саласының мамандары, қала берді, жұмысшылардың өздері де, үлкен жауапкершілік таныта білуі де қажет.
Денсаулықтың анықтамасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (бұдан әрі – ДДСҰ) Жарғысының кіріспесінде келтірілген (Нью-Йорк, 1946). Денсаулық тек аурулардың немесе физикалық ақаулардың болмауы ғана емес, толыққанды физикалық, рухани және әлеуметтік әл-ауқаттың жағдайы ретінде қарастырылады. Адамның денсаулық деңгейінің жоғары болуы – нәсілі, діні, саяси сенімі, экономикалық немесе әлеуметтік жағдайы айырмашылықтарынсыз, кез келген адамның негізгі құқықтарының бірі болып табылады.
ДДСҰ-ның Жарғысында атап өтілгендей, барлық халықтардың денсаулығы бейбітшілік пен қауіпсіздікке қол жеткізудегі негізгі фактор болып табылады және жеке тұлғалар мен мемлекеттердің толық ынтымақтастығына байланысты. ДДСҰ Жарғысын қабылдаған мемлекеттер барлық халықтар арасындағы үйлесімді қатынастар және олардың қауіпсіздігі үшін негіз болып табылатын денсаулықты жақсарту мен қорғау қағидаларын өмірге енгізуге міндеттенген-ді.
Қазақстан Республикасы әлеуметтік мемлекет ретінде, еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың келесі негізгі бағыттарын айқындайды: қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын сақтаудың басымдығын қамтамасыз ету, еңбекті қорғауды мемлекеттік басқару, өндірістегі жазатайым оқиғалар мен кәсіптік ауруларды тергеп-тексеру, өндірістегі жазатайым оқиғалар мен кәсіптік аурулардан зардап шеккен қызметкерлердің заңды мүдделерін қорғау, ауыр жұмыс, зиянды және қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыс үшін өтемақы белгілеуді міндеттейді.
Демек, жұмыс істейтін халықтың еңбек жағдайын жақсарту және олардың денсаулықтарын жоғары деңгейде ұстау мәселесі, Қазақстан Республикасындағы аса маңызды әлеуметтік-экономикалық міндеттердің бірі болып қала бермек. Қоғамды реформалаудың қазіргі жағдайында, өндіріс орындарындағы еңбек қауіпсіздігі мен жұмысшылардың денсаулығын сақтау, елдің экономикалық дамуының кепілі болып есептеледі.
МІНДЕТТІ МЕДИЦИНАЛЫҚ ТЕКСЕРУ
Міндетті медициналық тексеруді ұйымдастыру мен
қаржыландыру – бұл жұмыс берушінің ізгі ниеті емес,
меншік нысанына қарамастан,оның заңмен бекітілген міндеті.
Міндетті медициналық тексеру көрсетілетін медициналық «қызмет» емес. Бұл – профилактикалық жұмыстың тиімді құралдарының бірі болып табылатын, денсаулық жағдайын сараптау және ауруларды ерте кезден анықтау мақсатында жүргізілетін, белсенді тексерулерден тұратын емдеу-профилактикалық көмектің бір түрі (ДДСҰ).
Зиянды және (немесе) қауіпті еңбек жағдайларында еңбегі жүзеге асырылатын қызметкерлердің, заңнамалық тұрғыдан арнайы құқықтық мәртебесі болады. Ерекше еңбек жағдайлары, еңбек ету барысында адам ағзасына теріс әсер ететін жұмыс ортасының зиянды және (немесе) қауіпті факторларының болуымен сипатталады.
Ғылым мен техниканың қазіргі заманғы деңгейі, өндірістің зиянды және (немесе) қауіпті факторларының адам ағзасына әсерін толығымен жоюға мүмкіндік бермеген жағдайда, заң шығарушы әлгіндей өндірістік факторлармен жұмыс істейтін қызметкерлердің еңбегін қорғаудың арнайы ережелерін белгілейді. Жұмысшылардың осы санатына қатысты белгіленген арнайы ережелердің бірі – міндетті медициналық тексерулер болып табылады.
Міндетті медициналық тексерулер – өндіріс орындарында кәсіптік аурулардың пайда болу қаупі бар жұмыс факторлары болған кезде, жұмысшылардың денсаулық жағдайын бақылау бойынша әлемдегі жалпыға бірдей қабылданған тәжірибе. Міндетті медициналық тексерулер көмегімен жұмыс беруші зиянды өндірістік факторлардың әсерінен жұмысшылардың денсаулық жағдайын бақылауға мүмкіндік алады. Осы тексерулер негізінде, өндіріс орындарындағы зиянды және (немесе) қауіпті факторлардың әсер етуінен пайда болатын кәсіптік аурулар үрдісінің одан әрі дамымауына жағдай жасалады. Яғни міндетті медициналық тексерулерді уақытылы ұйымдастыру – зиянды өндірістік факторлармен тығыз байланыста жұмыс жасайтын адамдар арасында, кәсіптік және кәсіптік емес аурулардың алдын алудағы жұмыстың құрамдас бөлігі болып табылады. Бұл ретте, адам ағзасындағы аурулардың ерте белгілеріне ерекше назар аударылмақ, өйткені, бұл емдеу-сауықтыру шараларының көмегімен аурудың кері дамуына, басқа жұмысқа уақытша немесе тұрақты ауысу қағидаларын пайдалана отырып қол жеткізуге болады.
Міндетті медициналық тексерулерді қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкес, жұмысқа (өндірістік тәжірибеге) қабылданар алдында, денсаулық жағдайы бойынша кәсіптік жарамдылығын сараптау жөніндегі медициналық көмекті жүзеге асыруға лицензиясы бар, кез келген меншік нысанындағы медициналық ұйымдар жүргізе алады.
Міндетті медициналық тексерулерді ұйымдастыру және жүргізу кезінде, міндетті түрде туындайтын қиындықтардың алдын алу үшін, төменде келтірілген амалдарға арқа сүйеуіміз аса маңызды:
тексеруді жүргізу үшін барлық қажетті құқықтық негіздерді білу;
тексеруді ұйымдастыруға қойылатын жалпы талаптарды білу;
тексеруді жүргізу тәртібін білу.
1.   Міндетті медициналық тексерулерді жүргізудің құқықтық негізі ең алдымен, Қазақстан Республикасы Конституциясының 24 және 29 баптарына (2022 жылғы 19 қыркүйектегі өзгерістер мен толықтырулармен) негізделген, онда Қазақстан Республикасы азаматтары қауіпсіздік пен гигиеналық талаптарға сай келетін ортада еңбек етулеріне, сондай-ақ, әрбір адам өз денсаулығын қорғауға құқылы.
2.   Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашасындағы шыққан № 414-V ҚР Еңбек кодексінің 181 бабында «Қызметкерлердiң қауiпсiздiк және еңбектi қорғау саласындағы құқықтары мен мiндеттерi» көрсетілген.
Қызметкерлер мыналарға міндетті:
3)   денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен міндетті алдын ала және мерзімдік медициналық тексеріп-қараудан, сондай-ақ ауысым алдындағы, ауысымнан кейінгі және өзге де медициналық тексеріп-қараудан өтуге;
4)   жұмыс берушінің өтініші бойынша жұмыс берушінің актісінде көзделген жағдайларда, сондай-ақ, басқа жұмысқа ауысқан кезде медициналық тексеруден өтуге;
182-бап. Жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы құқықтары мен міндеттері:
2)   осы Кодексте белгiленген тәртiппен еңбек қауiпсiздiгi мен еңбектi қорғау талаптарын бұзған қызметкерлердi жұмыстан шеттетуге және тәртiптiк жауапкершілікке тартуға;
4)   Қазақстан Республикасы заңдарында және жұмыс берушiнiң актiсiнде көзделген жағдайларда қызметкерлердi профилактикалық медициналық қарап-тексеруге өз қаражаты есебiнен жiберуге құқылы.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 182-бабына сәйкес жұмыс беруші өз жұмысшыларын өзінің қаражаты есебінен міндетті медициналық тексерулерден өткізуге міндетті. Алдын ала тексеру – міндетті медициналық көмек көрсету түріне жататындықтан, жұмысқа өтініш білдірген адамға, алдын ала қарау-тексеру бойынша жүргізілген көмектің құнын емдеу мекемесіне, жұмыс берушілердің өздері төлеуге тиісті. Яғни, қызметкерлердің жекелеген санаттары үшін кәсіптік және кәсіптік емес аурулардың алдын алу мақсатында еліміздің заңнамасында міндетті медициналық тексеруден өту негізі қарастырылған, ал олардың жұмыс берушілері үшін, мұндай тексерулерді ұйымдастыру және қаржыландыру міндеті белгіленген.
Бұл жағдай, № 148 Халықаралық еңбек ұйымы Конвенциясының 11-ші бабы 2-тармағымен де расталады. Аталған, «Жұмысшыларды ауаның ластануынан, жұмыс орнындағы шу мен дірілден туындаған кәсіптік қауіптерден қорғау туралы»-атты Конвенция, Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 26 маусымдағы № 10-I Заңымен ратификацияланған.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-ші бабында:
3.   Республика ратификациялаған халықаралық шарттар, еліміздің заңдары алдында басымдылыққа ие және халықаралық шарттан оны қолдану үшiн заңның жариялануын талап ететiн жағдайларды қоспағанда, тiкелей қолданылады.
4.   Республика қатысушысы болып табылатын барлық заңдар мен халықаралық шарттар жарияланады. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілерді ресми жариялау, оларды қолданудың міндетті шарты болып табылады.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 185-бабында «Қызметкерлердi мiндеттi медициналық тексеруден өткiзу»:
2.   Қауіптілігі жоғары жұмыстарда, машиналар мен механизмдерде жұмыс істейтін жұмысшылар ауысым алдындағы және ауысымнан кейінгі медициналық тексеруден өтуі тиіс. Ауысым алдындағы және ауысымнан кейінгі медициналық куәландыруды қажет ететін кәсіптердің тізбесін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі № 360-VI ҚР Кодексіне сәйкес медициналық тексерулер профилактикалық және міндетті болуып жіктеледі.
Профилактикалық медициналық қарап-тексеру – бұл негізінен аурулардың ерте формаларын анықтауға бағытталған, халыққа белсенді медициналық көмек көрсету нысандарының бірі. Профилактикалық медициналық тексеру өз кезегінде, мақсатты және тереңдетілген деп, екіге бөлінеді:
Мақсатты профилактикалық медициналық қарап-тексеру – бұл ұйымдасқан және ұйымдаспаған халықтың әртүрлі топтарын қамтитын белгілі бір ауруларды ерте кезеңде анықтау үшін жүргізілетін медициналық тексерулер (ісік аурулары, туберкулез, глаукома, қант диабеті, жүрек-қан тамырлары аурулары және т.б.).
Тереңдетілген профилактикалық медициналық қарап-тексеру – бұл бірнеше мамандардың (терапевт, офтальмолог, невропатолог, оториноларинголог және т.б.) адам ағзасындағы аурулар мен патологиялық үрдістерді, нормадан ауытқуларды және т.б. анықтау мақсатында ұйымдастырылған медициналық тексерулер.
Міндетті медициналық тексерулерді жүргізу кезінде ДДСҰ мен Халықаралық еңбек ұйымының бірқатар маңызды ережелері мен қағидаттарын мүлтіксіз орындау талап етіледі, өйткені олар, орындалған іс-шаралар тиімділігінің қажетті шарты болып табылады.
егер міндетті медициналық тексерулер Денсаулық сақтау министірлігінің №ҚР ДСМ 131/2020 бұйрығына сай, толық белгіленген тәртіпте орындалса, онда қызметкерлер кезекті міндетті медициналық тексеруден өтуді, өз жұмыстарын жалғастыру мүмкіндігі ретінде, орындалуға тиісті қажеттілік деп қарауы тиіс.
міндетті медициналық тексеру нәтижелері жұмысшының денсаулығына да, оның қызметіне де теріс әсер етпеуі тиіс.
лицензиялы медициналық ұйым, өз кезегінде, медициналық тексеруге қатысушылар өзінің жұмысына қатысты теріс салдарлар тұрғысынан қысым көрсетілмейтіндей етіп, жыл сайынғы міндетті медициналық тексерулер мен басқа да сауықтыру іс-шараларды орындауын қамтамасыз етуі тиіс. Ал кері жағдайда, міндетті медициналық тексеру нәтижелері, қызметкердің жұмыстан айырылуы, кәсіптік дағдыларды жоғалтуы, материалдық әл-ауқаттың нашарлауы қаупін арттыруы мүмкін.
жұмысшылардың құқықтары құрметтеліп, адамның жеке басының қадір-қасиеті міндетті медициналық тексеру жүргізу барысында жасына, жынысына, әлеуметтік мәртебесіне, тілі мен ұлтына, білімі мен саяси көзқарасына, аурудың сипатына және басқаларына қарамастан барлығына бірдей тең құқықтар берілуі керек.
міндетті медициналық тексерулер барысында барлық қорытындылар тәуелсіздікпен, объективтілікпен және бейтараптықпен ерекшеленіп, құпиялылыққа кепілдік берілуі тиіс. Міндетті медициналық тексерулер жүргізген кезде жеке зерттеулердің деректерін үшінші тұлғаларға беруге болмайды.
егер қызметкер жасына, жынысына, еңбек өтілі мен ағзаның қызметтік жай-күйінің көрсеткіштері бойынша тәуекел тобында болып, онда кәсіптік аурудың даму ықтималдығы жоғары болса және жұмысқа орналасу, жұмысты жалғастыру мен медициналық көмек көрсету мәселелері оның денсаулығымен қатар, жалпы әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты мүддесі ескеріле отырып, оң шешілуі тиіс.
2003 жылы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министірлігі төмендегі ережелерді бекітті:
кәсіптік патолог – жалпы кәсіптік жарамдылықты анықтайтын медициналық-дәрігерлік комиссияның төрағасы;
медициналық-дәрігерлік комиссияға қатысатын дәрігерлердің кәсіптік патология бойынша білімі болуы керек;
міндетті медициналық тексерулерді жүзеге асыратын медициналық ұйымның белгіленген тәртіппен берілген тиісті лицензиясы болуы керек.
Олай болмаған жағдайда, мұндай рәсімдерді жүргізу «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 16 мамырдағы №202-V ҚРЗ Заңына сәйкес медициналық қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиялық талаптарды өрескел бұзу болып саналады.
Алдын ала медициналық тексерулерді белгіленген тәртіпті бұза отырып жүргізу нәтижесінде науқастың денсаулығына зиян келтірілсе, бұл бұзушылық Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің тиісті баптары бойынша саралануы мүмкін.
Міндетті медициналық тексерулер алдын ала; мерзімді; ауысым алдындағы (сапар алдындағы) және ауысымнан кейінгі (сапардан кейінгі) болып жіктеледі.
Алдын ала жүргізілетін міндетті медициналық тексеру жұмысқа немесе оқуға қабылданар алдын қызметтік міндеттерін орындауға жарамдылығын анықтау үшін және кәсіптік аурулардың алдын алу мақсатында жүргізіледі.
Бұл тексеру денсаулық жағдайын бағалауды, зиянды өндірістік факторлардың әсерінен асқынуы мүмкіндігін, кәсіптік аурулардың ертерек пайда болуына ықпал ететін және осы факторлардың әсер етуіне байланысты жұмысқа орналасуға қарсы көрсетілімдер мен ауруларды анықтауды қамтиды. Жарақат алу қаупін азайтады.
Демек, алдын ала жүргізілетін міндетті медициналық тексерудің сапалы және тиімді өтуіне төмендегі екі қатысушы мүдделі:
жұмысшы, өйткені ол оның денсаулығына зиянын тигізбейтін және ол үшін аса ауыр емес жұмысты атқаруға қызығушылық танытады;
жұмыс беруші, өйткені ол өндіріс стандарттарын сақтауға және өнімді арттыруға мүмкіндік беретін денсаулығы жақсы жұмысшыларды тартуға мүдделі;
Алдын ала жүргізілетін міндетті медициналық тексеруді қалай дұрыс ұйымдастыру керек?
Алдын ала жүргізілетін міндетті медициналық тексерулер, жұмыс берушінің жұмысқа орналасуға өтініш білдірген адамға берген жолдамасы негізінде жүргізіледі. Бүгінгі таңда және оған дейін де, жолдаманың бірыңғай нысаны болған жоқ. Жұмыс беруші жолдаманы өз бетінше әзірлеуге құқылы, себебі, оны беру тәртібі еш заңнамамен қарастырылмаған.
Біз үлгі есебінде, жолдаманың келесі нысанын ұсынып, онда болуы тиіс мәліметтерді келтіріп отырмыз.

Алдын ала міндетті медициналық тексеруден өту үшін жолдама
фото
мөр орны
20__ жылғы «______» __________ № _______
Жұмыс берушінің атауы, оның мекен-жайы;
Медициналық мекеменің атауы, оның мекен-жайы;
Міндетті медициналық тексеруге жіберілген үміткердің толық аты-жөні, жасы, жынысы, тұрғылықты мекен-жайы;
Қызметкер (үміткер) атқаруы тиіс лауазымның (кәсіптің) атауы;
5.   Аталған лауазым (кәсіп) бойынша жұмыс орнындағы зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардың (Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министірлігінің 2020 жылғы 15 қазандағы № ҚР ДСМ 131/2020 бұйрығына сәйкес) тізбесі;
6.   Жалпы жұмыс тәжірибесі (жыл);
7.   5-ші бапта көрсетілген факторлармен жұмыс тәжірибесі (жыл);
8.   Жодаманы толтырған жауапты тұлғаның аты-жөні, қолы.
Дәрігерлік-медициналық комиссияның қорытындысы:
(толық аты)
осы жолдаманың 5-ші бабында көрсетілген факторлармен байланыста ____________________________________ лауазымы (кәсібі)) бойынша жұмыс істеуге қарсы көрсетілімдер жоқ.
Комиссия төрағасы: __________________________________________
(толық аты-жөні, жеке мөрі)
Медицина ұйымының басшысы: ____________________________
(толық аты-жөні, қолы)
мөр орны
Күні "__"_______________ 20___ ж.
Жұмысқа орналасуға үміткер алдын ала міндетті медициналық тексеруден өту үшін медициналық ұйымға мынадай құжаттарды ұсынады:
жұмыс берушінің жолдамасы;
өзінің жеке басын куәландыратын, белгіленген үлгідегі құжат;
тұрақты тұрғылықты жері бойынша медициналық ұйымның бас дәрігері қол қойып мөр басқан, орындаған жұмыстары бойынша міндетті мерзімдік медициналық тексерулердің нәтижелерімен куәландырылған, амбулаториялық карта немесе одан үзінді-көшірме. Құжаттар жетіспесе немесе талаптарға толық сәйкес келмесе, медициналық тексеру жүргізілмейді.
Алдын ала медициналық тексерулерді белгіленген тәртіпті бұза отырып жүргізу нәтижесінде науқастың денсаулығына зиян келтірілсе, бұл бұзушылық Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің тиісті баптары бойынша саралануы мүмкін.
Алдын ала міндетті медициналық тексеруді өтетін адамның амбулаториялық картасы болмаған жағдайда, оған жаңа амбулаториялық-емханалық карта ресімделеді. Жұмысқа орналасуға үміткер үшін дәрігерлік комиссияның төрағасы болып табылатын кәсіптік патолог тексеруден өтудің толық жоспарын жасайды (зертханалық және аспаптық зерттеу әдістерінің көлемін, сондай-ақ зерттеуге қатысатын мамандардың тізімін анықтайды).
Алдын ала міндетті медициналық тексеру барысында, жұмысқа орналасуға үміткер барлық дәрігер-мамандармен тексерілсе, қауіпті өндірістік факторлардың, міндетті медициналық тексеріп-қарау жүргізілетін кәсіптердің тізбесінде көзделген зертханалық және қызметтік зерттеу әдістерінің толық көлемін өткенсе, алдын ала тексеру – Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министірлігінің 2020 жылғы 15 қазандағы №ҚР ДСМ 131/2020 бұйрығына сәйкес аяқталып, тексерулердің нәтижелері құжатталып, міндетті түрде медициналық ұйымда тіркеліп, сақталынуы тиіс.
Ал медициналық тексеруден өткен және өндірістік факторлармен жұмыс істеуге жарамды деп танылған үміткерге дәрігерлік комиссияның төрағасы қол қойған және медициналық ұйымның мөрімен куәландырылған медициналық қорытынды беріледі.
Зиянды факторлармен және қолайсыз еңбек жағдайларында жұмыс істеуге қарсы көрсетілімдері анықталған үміткерге медициналық қорытынды берілмейді де, анықтама 3 күн ішінде үміткерді жолдаған жұмыс берушіге жіберіледі.
Жұмыс берушілер қызметкерлерді алдын ала тексеруді ұйымдастыру кезінде қандай қателіктер жібереді?
жұмысшыға алдын ала сараптамадан өтпей-ақ зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істеуге рұқсат береді;
жұмысқа орналасуға үміткер жұмыс берушінің жолдамасынсыз алдын ала «сараптамадан» өтеді. Бұл жұмысқа үміткердің еңбек жағдайлары мен мамандығына қарай кәсіптік жарамдылығын анықтауға мүмкіндік бермейді. Мысалы, жұмысшы биіктікте немесе жерде жұмыс істеуге үміткер делік. Жұмыс орнында қандай өндірістік факторлар барын білмей, үміткерді тексеру барысында қандай зертханалық және аспаптық зерттеу әдістерінің көлемі қажет және қандай мамандар қарап-тексеруі қажеттігі мен ақылы қызметтердің құнын айқындау мүмкін емес;
жұмыс беруші өтініш беруші үміткерді ақы алдын ала медициналық тексеруге жібереді.
Мерзімді медициналық тексеру (бұдан әрі – мерзімді тексеру) қызметкерлердің денсаулық жағдайына динамикалық бақылауды қамтамасыз ету, аурудың бастапқы белгілерін уақтылы анықтау, жалпы, кәсіптік және жұқпалы және паразиттік аурулар таралуының алдын алу мақсатында жүргізіледі.
Мерзімдік тексеру тізбеде көрсетілген мерзімнен кем емес жиілікте жүргізіледі.
Мерзімді тексерулер келесі құжаттар негізде жүзеге асырылады:
  1. ағымдағы жылы тексерілуі тиіс қызметкерлердің тізімі;
  2. кезеңдік тексерулердің күнтізбелік жоспары.
3.   Жұмыс берушілердің міндеті:
1)   ағымдағы жылдың 1 желтоқсаннан кешіктірмей, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелерімен келісілген, келесі жылы міндетті медициналық тексерілуі тиіс қызметкерлердің тізімін жасайды;
2)   өз қаражаты есебiнен кезеңдік тексерулерді ұйымдастырады;
3)   кәсiпорынға қызмет көрсететiн медициналық ұйыммен немесе жұмыс берушiнiң орналасқан жерi бойынша аумақтық медициналық ұйыммен бiрлесiп, кәсiптiк ауруы бар және оларға күдiк тудыратын науқастарды кәсiптiк патологиялық орталықтарға тереңдетiп тексеруге және емдеуге уақтылы жолдауды қамтамасыз етедi;
4)   кәсіпорынға қызмет көрсететін медициналық ұйыммен немесе жұмыс берушінің орналасқан жері бойынша аумақтық медициналық ұйыммен бірлесіп, мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелерімен келісілген, тексеру барысында анықталған науқастарды сауықтыру бойынша жылдық іс-шаралар жоспарын әзірлейді. Ал еңбек жағдайларын жақсартуға байланысты мәселелерді санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік орган мамандарымен бірлесіп шешеді.
Жұмыс берушілердің әдеттегі жіберетін қателіктері:
қызметкерлердің мерзімді тексеруден өтуі заңнамалық белгіленген мерзімдерде жүргізіледі. Бұл ретте, аттестаттау актiсiнде мерзiмдiк тексерулер жүргiзу мiндетi белгiлерiнiң болмауы жұмыс берушiлердi міндетті медициналық тексерулерді жүргiзуден босатпайтынын білу керек;
міндетті медициналық тексерулерге жұмсалатын қаржыны барынша үнемдеу мақсатында кейбір жұмыс берушілер қызметкерлердің тізімін жасау кезінде мерзімді тексерілуі тиіс жұмысшылар саны мен олар әсер ететін өндірістік факторлар тізбесін әдейі азайтып көрсетеді;
көбінесе кадр бөлімінің қызметкерлері жұмысшылардан мерзімді медициналық тексеруден дербес өз есебінен өтуді талап етеді.
Жұмысшылардың әдеттегі жіберетін қателіктері:
мерзімдік тексеруден уақытылы өтпейді;
тексеруге қажетті құжаттарды қамтамасыз етпейді.
Міндетті медициналық тексерудің нәтижесінде тексерудің қорытындысы шығарылып, онда келесі мәліметтер көрсетіледі:
анықталған патологияны диагностикалау;
қызметкердің кәсіптік жарамдылығын бағалау;
аурудың алдын алу және емдеу-сауықтыруға қажетті ұсыныстар.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министірлігінің 2020 жылғы 15 қазандағы №ҚР ДСМ 131/2020 бұйрығының 21-ші тармағына сәйкес – міндетті медициналық тексерулердің нәтижелері бойынша, жұмысшылар арасындағы кәсіптік және әлеуметтік маңызы бар аурулардың алдын алу үшін, сондай-ақ, оларды одан әрі бақылау, емдеу және сауықтыру бойынша ұсынымдар беру мақсатында әртүрлі топтарға біріктіреміз:
1)   сауықтыруды қажет етпейтін сау жұмысшылар;
2)   түрлі органдар мен жүйелерде тұрақсыз қызметтік өзгерістері бар дегенмен, іс жүзінде сау қызметкерлер;
3)   жалпы аурулардың бастапқы түрлерімен ауыратын жұмысшылар;
4)   жалпы аурулардың ауыр түрлеріне шалдыққан қызметкерлер;
5)   бойында өндірістік факторлардың әсері айқындалған жұмысшылар;
6)   кәсіптік аурулардың даму белгілері айқындалған қызметкерлер.
Қорытынды актіге басқа жұмысқа ауыстыруға, стационарлық және санаториялы-курорттық емдеуге, емдік-профилактикалық тамақтануға, динамикалық бақылауға ұсынылатын жұмысшылардың тізімі көрсетіледі.
Қорытынды акт медициналық ұйымның басшысы қол қойғаннан кейін өндіріс (кәсіпорынның) әкімшілігіне, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелеріне орындауға жіберіледі. Бір данасы міндетті медициналық тексеру жүргізген медициналық ұйымда қалады. Міндетті мерзімдік медициналық тексеруді жүргізген медициналық ұйым әрбір қызметкердің тексеру нәтижелерін медициналық ақпараттық жүйеге енгізеді.
Ауысым алдындағы (сапар алдындағы) міндетті медициналық тексеру жеке тұлғада аурудың болу-болмауын анықтау немесе растау, денсаулық жағдайын анықтау, сондай-ақ уақытша еңбекке жарамсыздық, алдағы ауысымдағы (рейстегі) жұмысқа кәсіптік жарамдылығы, оның ішінде алкогольдік ішімдіктерді, есірткі, психоактивті заттарды тұтыну немесе олардың қалдық әсерін анықтау мақсатында орындалады.
Ауысымнан кейінгі (сапардан кейінгі) міндетті медициналық тексеру зиянды және (немесе) қауіпті заттардың әсер ету белгілерін анықтау мақсатында жұмыс күнінің (ауысым, рейс) соңында жүргізіледі. Кәсіпорын ортасының өндірістік факторлары және жұмысшылардың ауысым барысында жіті кәсіптік ауру немесе улану, алкогольдік ішімдіктерді, есірткі, психоактивті заттарды тұтыну немесе олардың қалдық әсерін анықтау мақсатында орындалады.
Міндетті медициналық тексерулер талаптарын бұзғаны үшін жұмыс берушінің жауапкершілігі Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексі 93-ші бабының 2-тармағына сәйкес қаралып, әкімшілік ескерту жасалады, ал құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса:
шағын кәсіпкерлік субъектілері немесе коммерциялық емес ұйымдар үшін – 40 айлық есептік көрсеткіш;
орта кәсіпкерлік субъектілері үшін – 60 айлық есептік көрсеткіш;
ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін – 120 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Қорыта келе айтарымыз, адам денсаулығына аса зиянды өндіріс орындарында еңбек ететін жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді заңнамалар аясында талап ете отырып, жұмысшыларға жүргізілуге тиісті міндетті медициналық тексерулерді уақытылы, сапалы және тиянақты өткізу мәселесі, бірінші кезектегі медициналық, әлеуметтік-экономикалық мәселе болып табылатындығын естен шығармауымыз керек.  Аталған маңызды мәселелерге жеңіл-желпі қарау, қоғамның еңбекке жарамды бөлігін өте жағымсыз салдарларға соқтыруы мүмкін.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Қазақстан Республикасының Конституциясы (19.09.2022ж. өзгерістер мен толықтырулармен).
Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы № 414-V ҚР Еңбек кодексі (01.01.2024ж. өзгерістер мен толықтырулармен).
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі № 360-VI ҚР Кодексі (05.01.2024ж. өзгерістер мен толықтырулармен).
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министірлігінің 2020 жылғы 15 қазандағы № ҚР ДСМ 131/2020 бұйрығы.
Кабжамитов М.Т. Требования по безопасности и охране труда в Республике Казахстан. Источник: https://kadry.mcfr.kz.
Жұмысшыларды ауаның ластануынан, жұмыстағы шу мен дірілден туындайтын кәсіптік қауіптерден қорғау туралы Халықаралық еңбек Ұйымының №148 Конвенциясы (Женева, 20.06.1977ж.).
Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 16 мамырдағы «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңы №202-V ҚРЗ.
Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі №235-V Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі (01.01.2024 ж. өзгертулер мен толықтырулармен).
Читайте также
ЖҰМЫС БЕРУШІЛЕР МІНДЕТТІ МЕДИЦИНАЛЫҚ ТЕКСЕРУЛЕР ТУРАЛЫ НЕ БІЛУЛЕРІ КЕРЕК?
ЖҰМЫС БЕРУШІЛЕР МІНДЕТТІ МЕДИЦИНАЛЫҚ ТЕКСЕРУЛЕР ТУРАЛЫ НЕ БІЛУЛЕРІ КЕРЕК?
Кіріспе. Еңбекшілердің денсаулығын сақтауға көңіл бөлудің алғашқы әрекеттері Петр I билігі кезінде (1682-1725 ж.ж.) басталған. Жұмысшылардың
«Жұмыс берушілер міндетті медициналық тексерулер туралы не білулері керек?»
«Жұмыс берушілер міндетті медициналық тексерулер туралы не білулері керек?»
№ 13/8-21-1263 от 14.04.2023 Ақтөбе облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Р.Қ. Исаев мырзаға Құрметті Рүстем Қанапиұлы! Соңғы уақытта еңбек
МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ДЕНСАУЛЫҒЫН САҚТАУ -  ӨТЕ МАҢЫЗДЫ МІНДЕТ
МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ДЕНСАУЛЫҒЫН САҚТАУ - ӨТЕ МАҢЫЗДЫ МІНДЕТ
Ж. Тілеубергенов, медицина ғылымдарының кандидаты, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі. Тәуелсіз сарапшы, заңгер Нұр - Сұлтан қаласы. Қ. А. Асқаров,
ҚАЛЫҢ ЕЛДІ ЖАЛМАҒАН ІНДЕТ ҮШІН ЕМЕС . . .
ҚАЛЫҢ ЕЛДІ ЖАЛМАҒАН ІНДЕТ ҮШІН ЕМЕС . . .
---
Құрметті оқырман! Еліміздегі денсаулық саласын цифрландыру бағдарламасына бөлінген 526 миллион теңгені жөнсіз жұмсады деп айыптап, қоғамнан
Добавить
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив